Бүгін: 27.04.2024
Ветеринария саласын да жақсарту қажет. Малдың амандығы да, өнімділігі де мал дәрігерлерінің нәтижелі жұмысына тікелей байланысты. Ветеринариялық қызмет заманауи талаптарға сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.Қасым-Жомарт Тоқаев
Құрметті әріптестер!
Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын!
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан құжат.
Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Қандай жағдай болмасын, тәуекел мен ауызбіршілік, ақыл мен сабыр ұлы жеңістерге жеткізеді. Жаңа белестерге жету үшін, қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық баса отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында.
Республика күні – ұлттық мереке. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам.
«Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды.
Егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш, үлкен жауапкершілік. Сондықтан, осы құндылықты терең түсінуіміз және қадір тұтуымыз керек.
Осы қасиетті ұлттық мереке қарсаңында Сіздерге мол бақыт, мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, ұзақ та мәнді өмір тілеймін! Әрқашан амандықта болайық!
Кәсіпорын бас директоры, Т.Елшібай