Бүгін: 26.12.2024
Ветеринария саласын да жақсарту қажет. Малдың амандығы да, өнімділігі де мал дәрігерлерінің нәтижелі жұмысына тікелей байланысты. Ветеринариялық қызмет заманауи талаптарға сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.Қасым-Жомарт Тоқаев

2024 жылғы 25-28 қараша аралығында «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Оқу-әдістемелік орталығында «Ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллезін серологиялық зерттеу» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Курс ұзақтығы 35 академиялық сағатты құрайды және Бас директор Т.А. Елшібаевтың бастамасымен өткізілді. Ветеринария саласының мамандары бруцеллезді диагностикалау және зерттеу әдістері бойынша өз білімдерін тереңдетіп, зертханалық жұмыстағы практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.

Оқытуға Алматы және Астана қалаларындағы өңірлік филиалдар мен Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының ветеринариялық мамандары қатысты. Курс барысында серологиялық әдістердің ғылыми негіздері мен олардың диагностикада қолданылу ерекшеліктері қарастырылды, бұл ветеринария саласындағы жұмыс сапасын жақсартуға және елдегі эпизоотиялық жағдайды нығайтуға септігін тигізеді.

Бұл біліктілікті арттыру курсы мамандардың кәсіби деңгейін көтеруде және ветеринарлық қызметті күшейтуде маңызды қадам болып табылады. Оқыту барысында алынған білім мен дағдылар ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын тиімді бақылауға, сондай-ақ өңірлердегі эпизоотиялық қауіпсіздікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.