2025 жылғы 15–16 мамыр күндері Алматы қаласында «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған шара еліміздегі ең көне ғылыми мекемелердің бірі — 1905 жылы құрылған Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтының (ҚазВҒЗИ) 120 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бүгінде институт «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ құрамына кіреді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Кенжеханұлы Ермек, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ДЖДҰ) Бас директорының кеңесшісі Романо Марабелли, сондай-ақ Швейцария, Қытай, Оңтүстік Корея, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Грузия және өзге де елдердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Сонымен қатар конференцияға Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен «QazBioPharm» холдингінің басшылығы да қатысты.
Конференцияның басты мақсаты — ветеринария саласындағы ғылым мен практиканың өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадамдарды айқындау, халықаралық тәжірибе алмасу және заманауи инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу болды.
Пленарлық отырыс барысында Тәуелсіздік жылдарындағы отандық ветеринария ғылымының басты жетістіктері айтылып, қазақстандық және шетелдік сарапшылар өзекті ғылыми баяндамаларымен бөлісті.
Конференция жұмысы төрт бағыттағы секциялық отырыстарда жалғасты:
Жануарлардың жұқпалы, инвазиялық және жұқпалы емес ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелері;
• Биологиялық қауіпсіздік саласындағы биотехнологиялық жаңалықтар: зертханалық зерттеулерден өндіріске дейін;
• Микроорганизмдердің молекулалық биологиясы мен геномикасы: тағамдық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
• Ветеринария ғылымындағы пәнаралық тәсілдер: тәжірибе мен болашағы.






