Бүгін: 12.12.2025
Ветеринария саласын да жақсарту қажет. Малдың амандығы да, өнімділігі де мал дәрігерлерінің нәтижелі жұмысына тікелей байланысты. Ветеринариялық қызмет заманауи талаптарға сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.Қасым-Жомарт Тоқаев
 

Кездесуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Республикалық ветеринариялық зертхананың Бас директоры Темірхан Амантаевич Елшібаев және Францияның Азық-түлік, қоршаған орта және еңбек қауіпсіздігі агенттігі (ANSES) құрамындағы Стратегия және бағдарламалар дирекциясы, Зерттеу және референттік сараптама орталығының жануарлар денсаулығы мен әл-ауқаты жөніндегі ғылыми директоры Эрик Кардинал мырза қатысты.

Келіссөз барысында тараптар ҚР АШМ Республикалық ветеринариялық зертханасы мен Еуропалық Одақтың жетекші ветеринариялық мекемесі — ANSES арасындағы зертханалық ынтымақтастықты кезең-кезеңімен дамыту мәселесін талқылады. Әсіресе трансшекаралық зооноздар, микробиологиялық және эпидемиологиялық қатерлерді бақылауға маманданған еуропалық референттік зертханалармен тұрақты өзара іс-қимыл платформасын құру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында бірқатар негізгі бағыттар бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. Сондай-ақ, тараптардың бейінді мамандарының қатысуымен ынтымақтастықтың бастапқы кезеңіне арналған жол картасын әзірлеу үшін келесі техникалық кездесуді өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Аталған кездесу ветеринариялық қауіпсіздік пен эпидемиологиялық мониторинг саласындағы Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.