
Бағдарлама 23 маусым күні Бонн қаласында Германияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік даму министрлігінің жануарлар денсаулығы және қорғау департаменті өкілдерімен кездесу арқылы басталды. Делегацияны елдің бас ветеринариялық дәрігері доктор Катарина Клуге қарсы алды. Қатысушылар Германияда ветеринариялық қадағалау жүйесінің қалай ұйымдастырылғанымен танысты, онда құзыреттер федералдық және аймақтық органдар арасында нақты бөлінген.
Кездесуде аса қауіпті аурулардың алдын алу, эпизоотияларға қарсы күрес және жеке ветеринариялық дәрігерлермен өзара әрекеттесу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, ірі қара мал мен жануар тектес өнімдердің халықаралық саудасына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Осындай іс-шараларға қатысу қазақстандық мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және ветеринариялық жүйені халықаралық озық тәжірибелерге сай дамытуға жол ашады.






