Бүгін: 12.12.2025
Ветеринария саласын да жақсарту қажет. Малдың амандығы да, өнімділігі де мал дәрігерлерінің нәтижелі жұмысына тікелей байланысты. Ветеринариялық қызмет заманауи талаптарға сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.Қасым-Жомарт Тоқаев
 

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облыстық филиалын дамыту және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісім аясында құрылатын Бірлескен көпбейінді ауыл шаруашылығы зертханасын ашуға дайындық мәселелері талқыланды. Ерекше назар зертхана ғимаратындағы сыртқы жөндеу-құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстардың аяқталу барысына аударылды. Облыс әкімдігі жобаны жүзеге асыруға белсенді қолдау көрсетіп отыр, бұл құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімге сай орындауға мүмкіндік беруде.

Сондай-ақ тараптар зертханада орнатылған заманауи жабдықтар мен стандартты үлгілерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өлшем құралдарының тізіліміне енгізу мәселесін қарастырды. Бұл жабдықтарды ресми бақылау және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалану құқығын береді, сонымен қатар филиалдың аккредитация саласын кеңейтуге жол ашады.

Кездесуде зертхананың ғылыми әлеуеті кеңінен талқыланды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жоғары дәлдіктегі заманауи аналитикалық құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы мен масс-спектрометр (ЖТСХ-МС), иондық хроматографтар, индуктивті байланысқан плазмамен жұмыс істейтін атомдық-эмиссиялық және масс-спектрометриялық құрылғылар, сондай-ақ цифрлық микроскоптар орнатылған. Бұл жабдықтар зерттеулерді арнайы онлайн-платформалар арқылы тікелей трансляциялау мүмкіндігін береді. Мұндай технологиялар халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа, қашықтан оқытуға, кадр даярлауға және бірлескен зерттеулер жүргізуге жол ашады.

Зертхананың техникалық жабдықталу деңгейі тамақ қауіпсіздігі саласындағы терең зерттеулерді жүргізуге, заманауи әдістемелерді әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ трансшекаралық форматта сараптамалық және аналитикалық қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Әсіресе зертхананың Қытай Халық Республикасымен шекаралас аймақта орналасуы – оның экспорттық әлеуетін күшейтеді.