
Үш күндік оқу барысында Алматы өңірлік филиалының қызметкерлері ДНҚ бөліп алу әдістемелерімен, заманауи реагенттер жинақтарымен және полимеразалық тізбекті реакцияны (ПТР) жүргізудің негізгі кезеңдерімен жан-жақты танысты. Практикалық бөлімде қатысушылар нақты протоколдарды меңгеріп, сынамалармен жұмыс жасап, нәтижелерді талдауды үйреніп, теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдылар да алды.
Қазіргі таңда ПТР - молекулалық диагностика саласының негізі болып табылады. Бұл әдіс еттің түрлік құрамын анықтау, генетикалық маркерлерді табу, өнімнің қолдан жасалғанын тексеру секілді көптеген бағыттарда кеңінен қолданылады. Мұндай оқыту шаралары зертханалық тәжірибеге заманауи технологияларды енгізуге, зерттеу нәтижелерінің нақтылығын, қайталануын және сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
Осындай серіктестік бастамалар еліміздің ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға, ғылыми-тәжірибелік әлеуетін дамытуға жол ашады.






