Бүгінгі таңда Министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК қарасты Қарағанды облыстық филиалының Жезқазған қаласы бойынша ауданаралық ветеринариялық зертханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-105 бұйрығымен бекітілген «Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес келмейді.
2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департаментімен дәл осындай сәйкессіздік анықталып, Жезқазған қалалық сотының қарауына жіберілген. Соттың 2019 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен №3518-19-00-3/1266 ісі бойынша 176 750 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қоса, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жезқазған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен зертхана арнайы бұйрықпен Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарының сәйкестігіне тексерілген. Тексеру нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер ішінде негізгілерінің бірі – Жезқазған қаласы бойынша ауданаралық ветеринариялық зертханасы ғимаратында бейінді емес ұйымның (кафе, түнгі клуб) орналасқаны үшін 904 270 теңге айыппұл салынып, бұзушылықты 2021 жылдың 15 қазанына дейін жою туралы ұйғарым берілді.
Аталған бұзушылықты жою мүмкіндігінің болмауына байланысты зертхананы санитарлық ережелерге сәйкестендіргенге дейін 2022 жылғы 6 қаңтардан бастап сынама қабылдау пунктіне көшіру туралы, тірек зертханасы ретінде Қарағанды филиалының Жаңаарқа аудандық ветеринариялық зертханасын белгілеу туралы шешім қабылданды. Жаңаарқа аудандық зертханасына биологиялық материал сынама үлгілерін тасымалдауға байланысты шығынды «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – РВЗ) өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта барлық қажетті зертханалық зерттеулер жоспарлы түрде жүргізілуде. Сараптама актілері Жезқазған қаласының сынамаларды қабылдау пунктінде сынамаларды жеткізген ЖАО ветеринариялық дәрігерлеріне сараптама актісін беру регламентін сақтай отырып, уақтылы беріледі. Анықтама: Ұлытау ауданы, Ұлытау селосында орналасқан Қазақтан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің теңгерімінде құрылыс жұмыстары аяқталмаған бір үлгідегі модульді зертханасы бар.
Ағымдағы жылдың 4 ақпанында Жезқазған қаласы әкімі Қ.Б. Абсаттаровтың, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті өкілдері мен Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы, РВЗ өкілдерінің және жергілікті бизнес өкілдерінің қатысуымен Жезқазған ветеринариялық зертханасына байланысты «ZOOM» бейнебайланыс арқылы кеңес өтті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 10 ақпанында Қарағанды облысының әкімі Ж.М. Қасымбектің және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының біріншң вице-министрі А.С. Сапаровтың ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде Жезқазған қаласындағы ветеринариялық зертхана ғимаратының мәселесі көтерілді. Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының ауылдық округтерінің қызмет көрсету аймағында 300 мыңнан астам мал басының болуын ескере отырып, ветеринариялық зертхананың жұмыс істеу қажеттілігі барын, онда жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау бойынша зерттеулер жүргізілуі тиіс екендігі қарастырылды.
Осыған байланысты, Жезқазған қаласында ветеринариялық зертхана салу мәселесін шешу бойынша Ұлытау облысының әкімдігінде Ұлытау облысын дамыту бойынша кешенді Жоспарына ұсыныстар енгізілуде.
Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде өз құзіреті шегінде ветеринариялық зертхана ғимаратын сату бойынша электрондық аукцион өткізудің негізділігі мен тәртібін тексеру бойынша, ғимаратқа кафе ашуға санитариялық-эпидемиологиялық рұқсаттың берілуі туралы және аймақтағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зертхана қызметін қайта бастау мәселелеріне қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.